Павлодар облысында қараусыз жүрген мал иелері жауапқа тартылды
Павлодар облысында қараусыз жүрген мал мәселесі жыл бойы өзектілігін жоғалтпай отыр. Мал иелерінің жауапсыздығы жол-көлік оқиғаларына себеп болып қана қоймай, төрт түліктің ұрылардың оңай олжасына айналуына да жол ашады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде мал ұрлығының 19 фактісі тіркелген. Сонымен қатар малдың қатысуымен 11 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 23 адам зардап шеккен.
Малдың сақталуына тиісті бақылау жасамағаны үшін жыл басынан бері 1358 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қазіргі таңда облыс аумағында қараусыз және қаңғыбас малды уақытша ұстауға арналған 128 қора-жай жұмыс істейді. Бүгінде аталған орындарға 24 469 бас мал қамалған.
Полиция тұрғындарды жеке шаруашылықтарындағы малдың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Төрт түлікті қараусыз және бақылаусыз жайылымға жібермей, қора-жайларды берік бекіту, қақпа мен есіктерге сенімді құлыптар орнату, сондай-ақ жайылым кезінде малды қараусыз қалдырмау қажет.
Қарапайым ғана сақтық шараларын сақтау мал ұрлығының алдын алуға, жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға және жеке мүліктің сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
