Павлодарда жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған ер адам жауапқа тартылды
Павлодарда жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарған тұрғын жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодарда полицейлер қала жолдарында да, қоғамдық орындарда да заңдылықтың сақталуын тұрақты бақылауда ұстайды. Сондықтан ешбір құқық бұзушылық жазасыз қалмайды. Бұл жол-көлік оқиғаларының алдын алып, тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтауға көмектеседі.
Мәселен, Павлодар – Қызылорда автожолында патрульдік полиция қызметкерлері Lada автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды.
Тағы бір жағдайда Омск – Майқапшағай автожолында “Газель” көлігінің жүргізушісі тиісті санаты болмай, көлік басқарған.
— Аталған құқық бұзушылықтар бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік материалдар толтырылып, көліктері арнайы айып тұрағына қойылды, — деп атап өтті Павлодар облысы ПД патрульдік полиция ротасының командирі Асет Рыспаев.
Айта кетейік, жыл басынан бері полицейлер жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарудың 1718 дерегін анықтаған.
