Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталған азаматтар "Ең әдемі келіншек" пьесасын тамашалады

Қызылордада сотталған азаматтар "Ең әдемі келіншек" пьесасын тамашалады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласында қауіпсіздігі барынша төмен №37 мекемесінде жазасын өтеушілер С. Майқанова атындағы мәдениет үйінде жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың "Ең әдемі келіншек" пьесасын тамашалады.

Аталған туынды – сүйгеніне қосыла алмаған Гүлбаршынның тағдырын арқау еткен, екі бөлімді лирикалық мұңға құрылған шығарма. Пьесада шынайы махаббат, адамгершілік құндылықтар, отбасы тәрбиесінің маңыздылығы кеңінен көрініс табады.

Спектакль қазіргі қоғамның шынайы бейнесін ашып, әрбір адамға өмірдің қадірін түсінуге жетелейді.

Шараға қатысқан сотталған азаматшалардың бірі өз әсерімен бөлісіп:

- Бұл пьесаны көре отырып, күнделікті күйбең тіршілікте байқалмайтын дүниелерге назар аудардық. Қойылым бізге ерекше ой салды. Мекеме әкімшілігіне алғысымыз шексіз. Рухани байлық алып, өмірге деген құлшынысымыз арта түсті, – деді.

Мекеме әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен бұл мәдени іс-шара жазасын өтеушілердің рухани дамуына оң ықпал етіп, олардың қоғамға деген көзқарасын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру