Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда бейнебақылау камераларының көмегімен 12 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды

Полицейлер Петропавлда бейнебақылау камераларының көмегімен 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел басқару орталығы – облыс орталығы полицейлерінің жұмысын үйлестірудің басты пункті. Дәл осы жерде тәулік бойы, аптасына жеті күн қаладағы тіркелетін қылмыстар мен оқиғалар бойынша барлық ақпарат келіп түседі. Кезекші ауысымның қызу еңбегінің арқасында патрульдік және учаскелік инспекторлар шақыртуларға уақтылы барады, адамдарға көмектеседі, тіпті адамдардың өмірін арашалайды, оқыс оқиғалардың алдын алады.

Жыл басынан бергі жұмыстың қорытындысы “102” нөміріне шалынатын барлық қауырт қоңыраулардың басым көпшілігі сағат 18:00-ден 00:00-ге дейін (түн ортасы), сондай-ақ сағат 01.00-ден 03:00-ге дейін келіп түсетіндігін көрсетті. Жалпы, осы жылдың 9 айында полицияның жедел арнасына қылмыстық құқық бұзушылық туралы 106 мыңға жуық телефон хабарламасы келіп түскен. Олардың 30 мыңнан астамына полицияның жедел әрекет етуді қажет болды.

Көшедегі қылмыстарды ашуда, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды тіркеуде және алдын алуда тиімді құрал бейнебақылау жүйесі болып табылады. Қазіргі уақытта Петропавлда 410 бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Олар тәулік бойы онлайн режимінде орталыққа қосылған. Бейнекамералардың көмегімен жыл басынан 140 қылмыстық құқық бұзушылық, сондай-ақ 12 250-ден астам түрлі әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, олардың басым бөлігі – жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтары.

Петропавл қаласы ПБ Жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Қанат Қасеновтің айтуынша, күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтауға және облыс орталығын патрульдеуге патрульдік полиция батальонының қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, сондай-ақ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жұмылдырылады. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін автопатрульдер ғана емес, стационарлық бекеттердегі кезекші полицейлер де қамтамасыз етеді.

Қажет болған жағдайда тәртіп сақшылары тек “102” нөміріне ғана телефон соғумен шектелмеуге кеңес береді. Полициямен жедел байланыс орнату үшін “102” мобильдік қосымшасының (ҚР ІІМ-нің App Store және Google Play-дегі ресми қосымшасы) мүмкіншіліктерін пайдалануға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру