Полицейлер СҚО жолдарында жүргізушілерге көмек көрсетуде
Полицейлер СҚО жолдарында жүргізушілерге көмек көрсетуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қысқы жолда тәжірбиелі жүргізушілердің өздеріне де қауіпті. Ақпанның 17-сі күн райының қолайсыздығынан Жезқазған-Петропавл автожолында Петропавл қаласының егде тартқан тұрғыны Chevrolet Niva көлігімен кюветке кеткен. Оны СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Нарасан Әміржанов пен Қуандық Тоқбаев байқап қалады. Тік жар болғандықтан көлікті сүйреп шығару мүмкін болмады. Полицейлер өтіп бара жатқан DAF жүк көлігін тоқтатады. Ауыр жүк көлігінің жүргізушісінде болған тростың көмегімен Chevrolet Niva көлігін жолға сүйреп шығарды.
Бірер күн бұрын СҚО тұрғыны Insragram желісінде Старомихайловка — Дубровное автожолында осындай көмек көрсеткен тәртіп сақшыларына алғысын білдірген. Nissan Almera көлігін тізгіндеген ер адам көктайғақтан рөліне ие бола алмаған. Жүргізушіге жақын маңда жүрген Мамлют ауданы полиция бөлімінің қызметкері Әлібек Осипов пен Старомихайловка заставасының шекара қызметкерлері көмектескен.
Ал Ғ. Мүсірепов ат. аудан тұрғынының Жезқазған — Петропавл автожолында ВАЗ-2107 көлігі істен шығады. Өз күшімен жөндей алмаған ол, 102 арнасына хабарласады. Оқиға орнына ППБ қызметкерлері Аслан Байтабенов пен Ержігіт Шопанов келеді.
– Олар көлігімді жөндеуге көмектесіп, үйіме дейін жеткізіп салды. Мен 1977 жылдан көлік басқарамын, бұрын-соңды мұндай жағдайда қалмаппын. Полиция қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін және мықты денсаулық, еңбектеріне табыс тілеймін деген, – деп WhatsApp мессенджерінде аудандық ПБ басшылығына жазған.
СҚО ПД ППБ командирінің міндетін атқарушы Сабыржан Оспановтың сөзінше, қызметкерлер кезекшілікке түсер алдында жолда қалған адамдарға көмек көрсету тапсырамасын алады. Бұл әсіресе, климаты құбылмалы Солтүстік Қазақстан өңірінде өзекті. Түк көрінбейтін боранды, көктайғақ күндері, жолдарды қар алып қалған жағдайда сапарға шыққан жүргізушілерге оңай соқпайды. Полицейлер алыс сапарға қамданып, ауа райы болжамдарын, жол қызметтерінің хабарламаларын қарап, жоспарлап шығуға кеңес береді. Сондай-ақ, жолға шығар алдында көліктерінің техникалық жағдайын тексерген жөн дейді.