Қарағандыда полицейлер бірнеше жеке үйді өрттен сақтап қалды
Қарағандыда полицейлер бірнеше жеке үйді өрттен сақтап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қыркүйек күні сағат 17.30 шамасында Қарағанды қаласының ПБ Киров полиция бөліміне шұғыл хабарлама түсіп, дабыл қағылды. Далада өрт басталып, қаланың шетінде орналасқан көшелердің жеке үйлеріне қызыл жалын жақындап қауіп төндірген. Өрт болып жатқан жерге полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жіберілді.
Тілсіз жау өршіп бірнеше ғимараттар мен жеке сарайлардың қоршаулары өртене бастаған кезде өртпен күрескен өрт сөндірушілерге полицейлер дер кезінде көмекке келді.
Әуезов көшесіндегі жеке үйлерді барлық жағынан дерлік қызыл жалын шарпып, өрт күшейіп тұрғындарға қауіп төне бастады. Осы сәтте үш полиция қызметкері, учаскелік полиция қызметкерлері Жандос Айтбеков, Серік Адантаев, Ерсаин Сәбиевтер тұрғындарды құтқару мақсатында үйге қамалған адамдарды қауіпсіз жерге шығара бастады.
– Ең алдымен қарттар, әйелдер мен балалар қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар олар тұрғын үйлерден газ баллондарын шығарып, шелектегі сумен өртті сөндіруге тырыстық. Тұрғын үйлердің жан-жағына от таралмауы үшін жерді қазып тастадық , – дейді С.Адантаев.
Өртке қарсы күрес кешке дейін жалғасты. Адамдар мен үйлер зардап шекпегені белгілі болған кезде учаскелік полиция қызметкерлеріне бүкіл аумақты тексеру туралы бұйрық берілді. Көше бойын жағалай тексеріп жүрген полицейлер, Машинистов көшесінде отқа оранған екі тұрғын үйді байқады. Үйдің қасында өртпен арпалысқан екі әйел мен шелектері бар жасөспірім бала болған. Дереу іске кіріскен учаскелік полиция қызметкерлері, бір жарым сағаттан кейін өртті толығымен сөндіріп, патрульдеуді жалғастырды.
Келесі күні Instagram әлеуметтік желісінде тұрғындардан алғысқа толы хаты жарияланды.
– 5 қыркүйекте Қарағандыда даладағы Машинистов көшесінің ауданында тұрғын үйлердің жанында өрт шықты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін Киров полиция бөлімінің полицейлері өз күштерімен өртті сөндірді. Мен біздің құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Өрттің таралуына жол бермегендеріңіз үшін рахмет, – деп жазылған хатта.