Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Қару” іс-шарасы: Қызылорда облысында заңсыз айналымнан 39 қару тәркіленді

“Қару” іс-шарасы барысында Қызылорда облысында заңсыз айналымнан 39 дана қару тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қару айналымына тиімді мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру мақсатында өтіп жатқан “Қару” жедел-профилактикалық іс-шарасының 24 күнінде 7 772 қару иелері тексеріліп, 132 құқық бұзушылық анықталды.

Заңсыз айналымнан 39 дана қару, атап айтқанда Әкімшілік кодексінің 482-бабымен 27 дана тегіс ұңғылы қарулар алынса, Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес 12 дана қару, 50 грамм порох, екі дана иір ойықты аңшы қаруының патроны және бір дана жарылғыш зат тәркіленді.

Тәулікте облыс бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы бойынша бір дана шолақ мылтығы, әкімшілік кодексінің 482-бабымен бір дана тегіс ұңғылы аңшы қаруы анықталды.

Мысалы, 8 маусым күні сағат 22:50 шамасында қала орталығының тұрғынын тоқтатып тексеруде, қолындағы полиэтилен пакетінде екі ұңғылы, 16 калибрлі, нөмірі өшірілген шолақ мылтық алып жүргені анықталды.

Қазіргі таңда азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігімен (Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар 9 маусым сағат 05:20 шамасында Қызылорда облысы ПД Қармақшы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Тұрмағамбет ауылынан бір шақырым жердегі далалықта ауыл тұрғыны ІІО тіркеуде жоқ, бір ұңғылы, 16 калибрлі, нөмірі өшірілген аңшы мылтығын тасымалдаған тұрғынды анықтады.

Анықталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 482- бабының 1-бөлігімен (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданады.

Атыс қаруымен жасалатын қылмыстардың алдын алу, заңсыз сақталған қаруларды дер кезінде анықтау бағытындағы жұмыстар қазіргі таңда өз жалғасын табуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру