Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі жедел басқару орталығының рөлі
Абай облысында жедел басқару орталығы бейнебақылау арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесі маңызды рөл атқарады. Камералар арқылы қоғамдық орындардағы және жол қозғалысындағы жағдай тәулік бойы бақылауда болады.
ЖБО операторлары бейнебақылау камераларынан келіп түсетін ақпаратты үздіксіз қадағалап, шұғыл назар аударуды қажет ететін жағдайларды анықтайды. Оқиға тіркелген жағдайда ақпарат сараланып, оның сипатына қарай тиісті полиция қызметтеріне жеткізіледі. Қажет болған кезде оқиға орнына жақын орналасқан полиция наряды бағытталады.
Бейнебақылау жүйесі құқық бұзушылық белгілерін ерте анықтауға, олардың алдын алуға және полиция қызметкерлерінің оқиға орнына жедел жетуіне мүмкіндік береді. Камералар арқылы қоғамдық орындардағы ахуал, жол қозғалысы, азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін жағдайлар және полицияның араласуын қажет ететін оқиғалар бақыланады.
ЖБО жұмысы бейнебақылаумен ғана шектелмейді. Орталыққа азаматтардан келіп түсетін хабарламалар да қабылданып, тіркеліп, сараланады. Ақпараттың сипатына қарай ол тиісті полиция бөлімшелері мен нарядтарға жедел жеткізіледі.
Осылайша жедел басқару орталығы бейнебақылау, байланыс, ақпаратты саралау және полиция нарядтарының жедел әрекетін бір жүйеге біріктіреді. Оның негізгі міндеттерінің бірі – қауіп төнгеннен кейін әрекет етумен қатар, ықтимал құқық бұзушылықтарды мүмкіндігінше ерте анықтап, олардың алдын алуға ықпал ету.
