Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысында көшпелі заңдастыру комиссиясы өз жұмысын бастады

Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Омарбековтың есеп беру кездесуінде облыстың шалғай өңірлерінде 2022 жылдың 1қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік автомобильдерді жергілікті жерлерде заңдастыру процесін ұйымдастыру қажеттілігі туралы мәселе көтерілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс тұрғындары көлікті заңдастыру үшін облыс орталығына бару өте алыс және қымбатқа түсетінін айтты. Облыстың шалғай өңірлерінде автомобильдерді рәсімдеу мәселесін шешу үшін көшпелі заңдастыру комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. Оның құрамына Қостанай облысы ПД процессингтік орталығы мен криминалистикалық қызметінің мамандары кірді.

– Полиция қызметкерлері барған бірінші өңір Арқалық қаласы болды. Онда бір күнде 90 шетелдік автокөлікке тексеру жүргізілді. Оның 73-і заңдастырылды, – деп атап өтті Қостанай облысы ПД әкімшілік полиция бастығы Сымбат Төребеков.

Автокөлік иелері полицейлерге жұмыстағы осындай тәсіл үшін алғыс айтып, көшпелі комиссияның арқасында жүздеген шақырымға барудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Комиссия жұмысын Арқалық қалалық мәслихатының депутаты Серік Төлепбаев тексерді. Ол осындай форматтағы жұмыстың ыңғайлылығын атап өтті.

– Сайлаушылар көшпелі комиссия туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Полицейлер барлық қажетті процесті сол жерде ұйымдастырды. Өз көліктерін рәсімдеп, мемлекеттік нөмірлерін алған көптеген автокөлік иелері келді, – деп атап өтті Серік Төлепбаев.

Айта кету керек, 17 сәуірде бұл көшпелі комиссия Жітіқарада жұмыс істейтін болады. Шетелдік автокөлік иелерінің сол жерде автокөлікті заңдастыруға мүмкіндігі бар. Көшпелі комиссия жұмысының басталғаны туралы жергілікті БАҚ және ведомстволық әлеуметтік желілер хабарлайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру