Қызылордада жас сақшылар жол қауіпсіздігіне үлес қосуда
Қызылорда қаласында мектеп оқушыларынан құралған “Жас сақшы” топтары полиция қызметкерлерімен бірлесіп рейдтік іс-шараларға қатысуда, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған шара барысында жас сақшылар Қызылорда қаласы полиция басқармасының жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге көшелерге шығып, автокөлік жүргізушілеріне жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, арнайы дайындалған үнпарақтар таратты.
Жас тәртіп сақшылары жүргізушілерге: “Жолда тәртіп – өміріңнің кепілі” деген ұранмен үндеу жасап, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыруға өз үлестерін қосты. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың жол қауіпсіздігіне деген жауапкершілігін арттыру және қоғамға оң үлгі көрсету.
Шара барысында жүргізушілер де жас сақшылардың белсенділігіне ризашылықтарын білдіріп, жол ережелерін қатаң сақтауға уәде берді.
Осындай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.
