Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте мас күйде көлік тізгіндеген 300-ге жуық жүргізуші жазаланды

Шымкентте жыл басынан бері мас күйде көлік басқарған 300-ге жуық жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жол көлік оқиғасы, ондағы жол апаттары өздігінен орын алмайды, тиісті ережелердің қандайда бір талаптарын сақтамағандықтан болады. Осындай әрбір оқыс жайтта – адамдардың өмірі, тағдыры мен денсаулығы тұрады.

Жол апатына ұшырататын, оның ішінде кісі өліміне әкеліп соғатын деректердің дені – автокөлікті аса жылдамдықпен басқарудан бөлек, рөлге мас күйде отырған жүргізушілердің іс-әрекеті және оның салдарынан туындайды. Жергілікті полиция қызметі басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің инспекторлары жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады. Қала аумағында үш айда 280 жүргізуші мас халде көлік басқарғаны анықталды.

Жүргізушілерге қатысты сараптама тағайындалып, қорытындысына сай олардың мас күйде болғандығы белгілі болды.

Аталған деректер ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша тіркеуге алынды.

Жинақталған құжаттар заңды шешім қабылдау үшін қалалық сотқа жолданды. Осылайша спирттік ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген жүргізушілер сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.

Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарын жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру