Шымкентте полиция қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзу деректерін анықтады
Шымкентте полиция қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзу деректерін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері қаланың абаттандырылуын бақылау бойынша тұрақты рейдтік шаралар жүргізуде. Себебі түрлі мекемелердің, дүкендердің, дәмханалардың аумақтарында қоқыс қалдықтарын тастау жайттары жиі тіркеледі. Мәселен Әйтеке би көшесі бойында орналасқан жиһаз цехінің алдында қораптардың шашалып жатқаны анықталған.
Қала көркін бұзып әрі азаматтарға ыңғайсыздық тудырған жайтқа қатысты полицейлер нысан иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Цех иесі қоқыс қалдықтарын тазартты. Полиция қызметкерлері азаматтарды, мекеме иелерін, жеке кәсіпкерлерді жақын маңдағы аумақтардың, аулалардың, көшелердің тазалығын сақтауға және жауапкершілікті есте сақтауға шақырады.