Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да түнгі уақытта құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізілді

Демалыс күндері қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызметке түсер алдындағы саптық жиында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Марат Жұмалиев қала көшелері мен қала сыртындағы автожолдарда заңдылықты жан-жақты қамтамасыз ету міндеттерін айқындады.

Профилактикалық жұмыстың негізгі бағыты — жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтау. Атап айтқанда, мас күйде көлік басқару, жылдамдықты асыру, жаяу жүргіншілерге жол бермеу және өзге де құқық бұзушылықтар бақылауға алынды. Сонымен қатар, көктемгі ауа райына байланысты мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің оқылмауына ерекше назар аударылды.

Түнгі рейд барысында Петропавл қаласында маневр жасау қағидаларын бұзған үш жүргізуші және бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткен екі жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазақстан Конституциясы көшесінде жаяу жүргіншілер өткеліне автокөлігін қойған жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндай құқық бұзушылықтар жол қозғалысының басқа қатысушылары үшін қауіп төндіретіні атап өтілді.

Сонымен қатар патрульдік полиция қызметкерлері өзге де шақыртуларға жедел әрекет етті. Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінен түскен хабарлама бойынша дүкен баспалдағында отырған егде жастағы ер адам анықталды. Оның мас күйде емес, бағдарынан жаңылғаны белгілі болды. Азаматтың жеке басы мен тұрғылықты жерін анықтау, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ол қабылдау-тарату пунктіне жеткізілді.

Жалпы бір түн ішінде полицейлер 27 шақыртуға ден қойып, 19 құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 5 адам қоғамдық орындарда мас күйде жүргені үшін жауапкершілікке тартылды.

Полиция қызметі "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру