СҚО полицейлері бір күннің ішінде масаң күйдегі 89 солтүстікқазақстандықты жауапкершілікке тартты
Мереке күндерін СҚО полицейлері «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы режимінде қарсы алуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары ЖПІШ кезінде аула-аулаларды, пәтерлерді аралайды. Операцияның алғашқы күні облысымызда есепте тұрған тұлғалар тарапынан бекітілген шектеуліктердің 6 бұзушылығы анықталды, оның 5-і шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандармен жасалған.
Операцияның негізгі бағыты – балалардың қауіпсіздігі. Үй-үйді аралау нәтижесінде 17 тұрмысы төмен отбасы анықталды. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін – 20, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүргені үшін – 33 ата-ана жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, облыс орталығы көшелерінде және елді мекендерде, әсіресе жаппай көңіл-көтеру орындарында патрульдеу күшейтілген. 26 желтоқсанға қараған күні патруль масаң күйде мұз қалашығындағы мұздан жасалаған автомобиль мүсінін бүлдірген 29 жасар қала азаматын жауапкершілікке тартты. Бүлдіршіндердің көңілінен шыққан мүсін ересек адамның салмағын көтере алмай, «жүргізуші орындығының» арты сынып қалған. Тәртіп сақшылары «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы бойынша хаттама толтырды. Енді оның айыппұл төлеуіне тура келеді.
«Іс-шараның алғашқы тәулігінде облыста ҚР ӘҚБтК 440-бабы бойынша 89 адам жауапкершілікке тартылды, оның 15-і Петропавлда, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов. – «Құқықтық тәртіп» ЖПІШ негізгі мақсаты – қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды болдырмау. Бұзушылықтардың жасалуына алкоголь себепші болатыны барлығымызға белгілі. Сондықтан полицейлердің басты назары ойын-сауық және алкогольдік өнімдерін саудалайтын сауда орындарында. Айта кетсек, операцияның алғашқы күні алкоголь сату тәртібін бұзған 2 бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, масаң күйде көлік тізгіндеген 10 солтүстікқазақстандық жазаланды».
ЖПІШ желтоқсанның 31 дейін жалғасады. Полицейлер болса, Жаңа жылды мерекелеу кезінде қызметтің күшейтілген түрінде жұмыс істейді.