Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғандық полицейлер алаяқтықтың алдын алуға бағытталған рейд өткізді

Талдықорғандық полицейлер алаяқтықтың алдын алуға бағытталған рейд өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорғанда полицейлер интернет пен телефон алаяқтығының алдын алуға бағытталған профилактикалық рейдтерді жалғастырып жатыр. Іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары көбінесе қазіргі таңда алаяқтардың құрбаны болып жатқан қарт адамдарға аса назар аударады.

Біздің үлкен кісілер, аға буын өкілдері көбінесе ақпаратты көзбен қабылдауға бейім, сондықтан да біз ескерту әдістерінің ескі түрін қолдануды дұрыс деп санадық. Яғни, телефон алаяқтығының профилактикалық сипатындағы брошюралар мен үнпарақшаларды ақша банкоматтарының жанында тараттық. Осы бағыттағы жұмыстар белгілі бір күндері – зейнетақы түскен кезде жүргізілді. Тек брошюралар мен үнпарақшаларды таратып қана қоймай, алаяқтардың қулығына түсіп қалмас үшін қажетті ақыл-кеңестер де береміз, – деп атап өтті Талдықорған ҚПБ бастығының орынбасары Әнуар Битаев.

Жыл басынан бері Жетісу облысында 320 интернет және телефон алаяқтық деректері тіркелген. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы 176 млн теңгеден астам. Полиция күшімен 30 алаяқ ұсталды. Сотқа 42 қылмыстық іс жолданды.

Соңғы деректер Талдықорғанда тіркелді. Онда бір ай ішінде 10-нан астам егде жастағы әйелдер телефон алаяқтарының құрбаны болған.

Жәбірленушілердің әрқайсысына алаяқтар қоңырау шалып, олардың жақын туыстарына жол апаты немесе төбелес және тағы да басқа фактілер бойынша елеулі жауапкершілік қаупі төніп тұр деп хабарлаған. Алаяқтар мәселені сол жерде шешіп береміз деп уәде беріп, алдап соққан. Алаяқтардың табысы жалпы сомасы 10 млн теңгеге жуық зейнетақы жинақтары болды.

Полицейлер осындай профилактикалық іс-шаралармен бүкіл аймақтағы қарт адамдарды қамтуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру