Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында бір тәулікте 600-ден астам объект тексеріліп, 200-ге тарта хаттама толтырылды

Түркістан облысында “Түнгі қаладағы балалар” іс-шарасының бір тәулігінде 600-ден астам объект тексеріліп, 200-ге тарта хаттама толтырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов жеке құрамға арнайы тапсырма беріп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Осының негізінде облыс полицейлерімен 27-29 маусым күндері аралығында “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталмыш шараның алғашқы тәулігінде полицейлер 622 объектіні тексеріп, кәмелетке толмағандар саласына қатысты 186 әкімшілік құқық бұзушылық анықтады.

Нақтырақ айтар болсақ, балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін 14 ата-ана, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүргені үшін 20 ата-ана, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерлерде жүруі бойынша 129 ата-ана анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Ал түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында болуына жол берген 11 ойын-сауық орындарының иелеріне әкімшілік хаттама түзіліп, жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар, дүкендер мен сауда орындары, ойын-сауық нысандары тиянақты тексерілді. Нәтижесінде, кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сатқан бес тұлға анықталып, оларға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабы (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) бойынша және 21 жасқа толмаған адамға темекі өнімін сатқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 423-1-бабы (Жиырма бір жасқа толмаған адамдарға темекіні және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату) бойынша төрт тұлғаға әкімшілік шара көрілді.

Бұдан бөлек түнгі тексерулер кезінде ұсақ бұзақылық жасағаны үшін үш жасөспірім ұсталып, ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы (Кәмелетке толмаған адам жасаған бұзақылық) бойынша жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, жастарға жұмыс берген нысандар да жіті тексерілді. Оның аясында балалардың еңбегін пайдалану бойынша 24 дерек тіркелді. Оның ішінде еңбек шарттары түзілмегені 23 болса, бір дерек қайыршылық жасау бойынша анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру