Учаскелік полицейдің бір күні
Учаскелік полицей бір күнімен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғындар жаңа ғана күнін бастап жатқанда, Ертіс ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Александр Попов қызметіне кірісіп үлгереді. Табельдік қаруын алып, нұсқамадан өткеннен кейін оның кезекті жұмыс күні басталады. Бұл қызметте тыныштық жоқ. Әр күн – жаңа міндеттер, тұрғындармен кездесулер және өзі қызмет көрсететін әкімшілік аумақтың қауіпсіздігі үшін зор жауапкершілік.
Александр Александрович ішкі істер органдарында 2005 жылдан бері қызмет атқарып келеді. “Құқықтану” мамандығы бойынша білім алып, заңгер біліктілігін иеленген. Өзі Ертіс ауылында дүниеге келіп, осында өскен, сондықтан да ауданның тыныс-тіршілігін де, тұрғындарын да жақсы біледі.
Бейсенбі – учаскелік инспектор үшін ерекше күн. Таңертеңнен бастап профилактикалық есепте тұрған азаматтарды қабылдайды. Бұл жай ғана белгі қою емес, әр азаматпен жеке әңгімелесіп, дұрыс шешім қабылдауына ықпал етуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды жұмыс.
Профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөледі. Аулаларды аралау барысында тұрғындарға интернет-алаяқтардан сақтану жолдарын түсіндіріп, өзін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстыратын бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеу керектігін ескертеді. Сондай-ақ жеке қаражатын қауіпсіз сақтаудың жолдарын түсіндіреді.
Шомылу маусымы басталғанда учаскелік инспектор су айдындары маңындағы демалыс орындарын міндетті түрде аралайды. Ол азаматтарға тек арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылу қажеттігін, ал белгіленген аумақтан асып жүзудің өмірге қауіпті екенін үнемі еске салады.
Кеш түскенімен, қызмет аяқталмайды. Үйқамақта отырған азаматтарды тексеру, қоғамдық тәртіп бұзылуы мүмкін қолайсыз отбасыларды аралау, ауыл көшелеріндегі жасөспірімдермен кездесулер – мұның барлығы учаскелік инспектордың күнделікті жұмысының бір бөлігі. Жастармен әңгімелесу барысында ол есірткінің зияны туралы айтып, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта көшеде жүру қағидаларын түсіндіреді және электр самокаттарын пайдалану бойынша енгізілген жаңа талаптарды жеткізеді.
Учаскелік полиция инспекторының қызметі тек патрульдеу мен профилактикадан тұрмайды. Ол жедел-профилактикалық іс-шараларға қатысады, халықпен кездесулер өткізеді, тұрғындардың өтініштері мен хабарламаларына жедел ден қойып, тәуліктің кез келген уақытында көмек көрсетуге дайын.
Сенімді полиция қызметкерінің артында әрдайым берік отбасы тұрады. Жұбайы Анастасия Анатольевнамен бірге екі қыз – Мария мен Елизаветаны тәрбиелеп отыр. Қыздары әкелерін мақтан тұтады, оның полиция фуражкасын киіп көргенді ұнатады және болашақта полиция қызметкері болуды армандайды.
Бұл әулетте мамандыққа деген сүйіспеншілік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Александрдың әкесі де өмірін ішкі істер органдарындағы қызметке арнап, бүгінде ішкі істер органдарының ардагері атанған. Әкесінің өнегелі жолы ұлына заңға адал қызмет етіп, ел игілігі үшін еңбек етуге шабыт берген.
Учаскелік полиция инспекторы болу – әр көшенің, әр ауланың тыныс-тіршілігін білу, қиын сәтте тұрғындардың жанынан табылу және аудан халқының тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін күн сайын аянбай еңбек ету деген сөз.
