Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұлы Отан соғысының ардагерін құттықтап қайтты

Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің басшысы Даул Панзабеков Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері Исаханов Қалдар  қарияны құттықтап қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҰОС ардагері Қалдар Исаханов пен полицей Даул Панзабековтің кездесуінде айтылған тарихи естеліктер.

Бәйдібек ауданы полиция бөлімінің басшысы Даул Панзабеков Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесі қарсаңында Бәйдібек ауданы Борлысай ауылы Ақтас елді мекенінің тұрғыны 1924 жылы туылған Ұлы Отан соғысының ардагері Исаханов Қалдар  қарияны құттықтап қайтты.  Осылайша, ардагердің өнегелі әңгімесін тыңдап, ақ батасын алды.  

ҰОС-ның ардагері Исаханов Қалдар ақсақал өткен күндерді еске алып, өз сөзімен баяндап берді:

Бәйдібек ауданының тумасымын. 1942 жылы Сталин атындағы орта мектебінің 10 классын бітірдім, 1942 жылы маусым айында аудандық Военкоматқа шақыртылып, Отан қорғау үшін жауға қарсы соғысқа аттандым. Содан Өзбекстандағы Ферғана қаласындағы Военный полковой школаға 3 айлық кіші командалық дайындық курсқа бардым, сол жерде №18 өзбек полкінің курсанты болып қабылдандым. Қысқа мерзімді кіші командирлер дайындайтын алты айлық курсты үш айда тамамдап, сержант атағын алдым. Біз қараша айында жаңадан келгендерді қабылдап, өзбек, қырғыз, тәжік жігіттерін үш айлық оқу-жаттығудан өзкізіп, соғысқа үйретіп дайындадық. 1943 жылы 17 қаңтар күні үйретілген солдаттарды Саратов қаласына алып келіп, сол қалада бізді 10 күндей жаттықтырып, дайындады. 1943 жылдың 22 қаңтар күні Сталинградқа түнгі сағат 3-тер шамасында қаланың оңтүстік жағына окоп қазып, біздің полк сол жерге жауға қарсы соғысуға жайғасты.

Таң атпай неміс фашист басқыншыларына қарсы берілген команда бойынша дұшпанға әр түрлі бағытта оқ жаудырдық. Бұл Сталинградта 12 ақпанға дейін екі жақтан бірдей текетірес соғыс айқас үздіксіз, күндіз-түні жүріп тұрды. Ақыры 12 ақпанда Сталинград қаласын неміс жауынгерлер мен офицерлердің миллионнан астам өліктері жатты.

Содан әрі Сталинградтың Батыс жағындағы 30 км келетін Тамбов станциясына келетін жерге бардық. Жауды өкшелеп қудық. Құрбандық көп болды. 30 мыңдай неміс фашист қарақшыларынан жауынгерлер мен офицерлерін қолға түсірдік. Әскери тұтқындар қару-жарақ түрлерін алып кетуге үлгере алмай, тастап қашуға мәжбүр болды.

Біз оларды Саратов қаласына алып келдік. Одан әрі қарай Москваның оңтүстік батыс жағындағы Ржон қаласына келдік. Сол жерде соғысқа дайындық жұмысы қайта жүрді. Содан әрі қарай Рязаньға, Гомильге, Могиловке соғысқа кірдік. Күніне жауды 10-12 километрге дейін қуып отырдық. Гомиль қаласындағы ұрыс кезінде сол қолымнан снаряд жарықшасы тиіп, жарақат алып қалдым. Одан кейін де Брянск, Орел қалаларын жаудан босаттық. Жау бұрынғыдай қарсыласуға келмеді. Біздің шабуылымыз өте  күшті болды. Содан әрі қарай Смоленк, Минск қалаларын Пруссиямен шектесетін Белоруссияның Брянск қамалын 21 қазанда, ал Смоленскіні 20 қыркүйекте жаудан азат еттік.

21 қазанда түнде Брянск қамалының оңтүстік батыс жағында болған ұрыста оң аяғымның жамбасына снаряд жарықшасы тиіп, ауыр жарақат алдым. Сол күні түнгі сағат 12-лер шамасында артымыздан көмекке келген медбикелер носилкаға салып, 10 км арттағы деревняға алып келіп жайғастырды. Екі апта өткен соң Архангельск қаласындағы Тыловой госпитальға жатқызды. Сол қалада 7 ай 14 күн ем қабылдап, балдақпен жүруге жарадым. Комиссия шешімі бойынша елге қайтарылдым”, – деп соғысқа қатысқан шақтарын ауыр күрсініскен еске алып, полицейлерге әңгімелеп берді.

 

Қалдар ақсақал соғыстан ауылға келгеннен кейін алты ай емделген. Содан, Борлысай орталау мектебіне мұғалім болып жұмысқа орналасқан. Мұғалімдік жұмысты істеп жүріп 1948 жылы Шымкент қаласындағы педагогикалық институттың тарих факультетін сырттай бітірген. 44 жыл ұстаздық етіп, оның ішінде 7 жыл мектеп директорылығына дейін көтерілген. 1989 жылы шілде айында жасаған бейнетінің арқасында зейнеткерлікке шыққан. 3-ұл, 7-қызды өсіріп-баптап, аяулы әке болды. Олардан тараған немере, шөберелерінің саны 40-тан асады. Қазіргі таңда,шөпшек көріп отырған бақытты қария.

Өмір жолында бірнеше марапттарға ие болған: Соғыстан алған “За отвагу”, “Еңбек ері”, “ҰОС-ның медалы”, “ҰОС ордені”, “медаль”, “30,40,50,60,65,70 жылдық ҰОС медалы”, “Лениннің 100 жылдығы”, “Жуков медалы”, “Бауыржан Момышұлы медалдары” бар. ​​​​​​​​​Ал, 2015 жылы Президенттің “Құрмет грамотасымен” марапатталған. Бәйдібек ауданының “Құрметті азаматы” Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай арнайы шақыртуымен Астана қаласына барып, Елбасымен бірге ұйымдастырылған іс-шараға екі рет қатысып қайтқан ақсақалдың өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі болар қасиеттері жетерлік.

Зейнеткерлікке шыққан соң да қарап отырмаған Қалдар қария ауылдағы жастар тәрбиесіне баса назар аударып отыр. Ел бірлігін ойлай отырып, Ардагерлер кеңесінде 23 жыл төраға болып, қоғамдық істерге де белсенді түрде атсалысып, қызмет жасап жатыр.

Сөз соңында Ұлы Отан соғысының ардагері: “Қазіргі таңда жасаған еңбегіміздің нәтижесін көріп отырмыз. Ел тыныш, бейбіт заманда өмір сүрудеміз. Халықтың әлеуметтік жағдайы көтеріліп келеді. Бірлігіміз нығайып, күнде жаңа бастамалар болып жатыр. Сондықтан жастардың еңбек етуге деген сүйіспеншілігі артып, Отанға деген патриоттық сезімдері арта түсуі керек”, – деп аталық ақылын жеткізді.

Қалдар ақсақалымызға ұзақ өмір тілейміз. Сіздердің салған сара жолдарыңызды жалғастыру бізге парыз. Ел аман, жұрт тыныш болу үшін, қоғамдық қауіпсіздікті күзетуде күні-түні қызмет атқаруға дайынбыз!”-деді Даул Панзабеков.

Ардагер мен полиция полковнигінің кездесуінде, осылайша тағылымды дүниелер айтылып, тәрбиелік мәні зор басқосу өтті деуге толық негіз бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру