Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Кафе-барлар тәртіпке бағынар емес

Қызылордада 22 наурыз күні төтенше жағдай кезінде тағы алты кәсіпкер жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елдегі күрделі жағдайға байланысты Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр.
Түнгі рейд кезінде кеше, 22 наурыз күні 300-дей кафе-мейрамхана тексерілді. Алты кафенің төтенше жағдай режиміне қарамастан түнімен жұмыс істегені белгілі болды. Бесеуі облыс орталығында анықталса, біреуі Жаңақорған ауданында тіркелді.
Жоғарыда көрсетілген мекемелердің әкімшілігіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен “Төтенше жағдай режимін бұзу” бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданды.

Ірі сауда нысандарына олардың жұмыс істеу уақыты бойынша 10.00-ден 18.00-ге дейін, киім-кешек базарлары үшін 11.00-ден 17.00-ге дейін шектеу енгізілді. Дәмхана мен мейрамханаларға келушілердің саны 50 адамнан аспауы керек және қабылдау уақыты 22.00-ге дейін ғана жалғасады.

Аталған шектеулерді орындамағаны үшін кафелер мен мейрамхана иелеріне 10 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке қамау түрінде жаза қолданылады.

Осыған орай полиция қызметкерлері қала тұрғындарынан құқық қорғау органдарының іс- әрекеттеріне түсіністікпен қарап, төтенше жағдай кезінде азаматтардың қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз етуге байланысты қажетті шектеулерге назар аударуды сұрайды.

Төтенше жағдай режимі кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалау мақсатындағы жұмыстар жалғасып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру