Қостанай облысының полициясы пульттік күзет фирмаларымен қауіпсіздік мәселелерін талқылады
Қостанай облысының полициясы пульттік күзет фирмаларының директорларымен кездесіп, қауіпсіздік мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы ПД-да жұмыс кездесуі өтті. Өзара іс-қимыл мәселелерін криминалдық полиция басқармасының, күзет қызметін бақылау бөлімінің қызметкерлері және жеке күзет ұйымдарының басшылары қарады.
– Ең алдымен біздің басты мақсатымыз – бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу және террористік тұрғыдан осал объектілерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін атап өткен жөн, – деді ПД күзет қызметін бақылау бөлімі бастығының міндетін атқарушы Әділхан Шаймарданов.
Фирма директорлары соңғы уақытта адамдар дабылды өз бетінше сатып алатынына және оны үнемдеу үшін тиісті лицензиясы жоқ және мүліктің одан әрі сақталуына жауап бермейтін мамандарға жүгінетініне тоқталды. Осыдан кейін ғана азаматтар жеке ұйымдарға белгілі бір объектіге қызмет көрсетуді сұрап келіп жатады. Алайда соңғылары бөтен жабдыққа және оны орнату процесіне деген сенімсіздікке байланысты қызметтен бас тартуға мәжбүр.
Сонымен қатар кездесу барысында полиция орталық бақылау пультінің сигналдарына жауап берудің бірыңғай алгоритмін әзірлеу мәселесін көтерді.
Айта кету керек, өңірде орталық бақылау пульті бар 25 күзет фирмасы жұмыс істейді. Ведомство жыл басынан бері жеке күзет фирмаларының қызметкерлері күзетілетін объектілерден ұрлық әрекеттерінің үш дерегінің алдын-алғанын атап өтті. Бұл ретте өңірде мұндай нысандарда ұрлықтың іске асуына жол берілмейді. Өз мүлкін қорғау үшін полиция оны лицензияланған күзет ұйымдарының қорғауына беруді ұсынады.