Маңғыстау облысы ПД бастығы МАЭК ұжымымен кездесті
Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты алаңында полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғановтың кәсіпорын еңбек ұжымымен есептік кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара барысында есепті кезеңдегі жедел-қызметтік қызметтің қорытындылары шығарылып, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселе талқыланды.
Департамент басшысы құқық бұзушылықтардың алдын алу, қылмыс деңгейін төмендету және халықтың полицияға деген сенімін арттыру ішкі істер органдары жұмысының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылатыны айтылды.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өндірістік нысандардағы қауіпсіздік, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Барлық сұраққа нақты жауап пен түсіндірмелер берілді.
Кездесу соңында полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов МАЭК ұжымына белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс білдіріп, өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
