"Құқықтық тәртіп" ЖПІШ: елордада профилактикалық есепте тұрған 1 300-ге жуық адам тексерілді
Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге, сондай-ақ көшелер мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ЖПІШ аясында полиция қызметкерлері жедел және профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізді.
Профилактикалық есепте тұрған адамдарды тексеруге, қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін анықтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ көші-қон заңнамасының талаптарын сақтауға ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған 1 300-ге жуық адамды тексерді. Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде жүрудің 320 фактісі анықталды. Сонымен қатар тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрудың 700-ге жуық фактісі белгілі болды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері ұсақ бұзақылықтың 47 фактісінің жолын кесті.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
