Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Нәзік жанды полицей – Әлем чемпионатының қола жүлдегері

Алматы облысы полицейлерінің қатарында қоян-қолтық ұрыстан Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Анель Сейтмұрат қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Азаматтардың құқығын қорғайтын, қылмыскерді құрықтайтын полицей дегенде көпшіліктің көзіне мығым денелі ер азаматтың елестейтіні анық. Алайда, бұл нәзік жандылар тәртіп сақшысы бола алмайды деген сөз емес. Тәртіп сақшыларының арасында биік белестерге қол жеткізіп, қызметпен бірге спортты, сондай-ақ отбасы тіршілігін қатар алып жүрген арулар баршылық.

Осындай нәзік жанды азаматшалардың бірі – Анель Мұратбайқызы. Ол бала арманын бүгініне айналдыра білген бірден-бір қызметкер. Анель мектепті 2015 жылы тәмамдап, ІІМ-нің Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына криминалист мамандығы бойынша оқуға түседі. Ол өзінің тәртіпті де, қабілетті курсант екенін Академия қабырғасында көрсетіп үлгерген. Анель Қарағанды академиясын 2019 жылы сәтті аяқтап, еңбек жолын Ескелді ауданының полиция бөлімінде криминалист қызметінен бастаған. Содан бері ол өзінің жан-жақтылығын көрсетіп, абыройлы қызмет атқаруға барын салып келеді.

– Біздің Анель әрдайым өз жұмысына ұқыптылықпен қарап, кез-келген жауапты істі аса тиянақтылықпен нәтижелі аяқтауға ұмтылады. Күн-түн демей оқиға орнынан әрқашан табылып, өзінің әмбебап полицей екенін дәлелдеп келеді. Ер азаматтармен иық тірестіре қызмет етіп келе жатқан Анельдің көмегімен көптеген ауыр қылмыстар ашылды, – дейді Ескелді ауданы полиция бөлімінің бастығы Қайрат Баймұханов.

Анельдің спорттағы жетістіктері де аз емес . Ол 15 жасынан бастап қоян-қолтық ұрыспен айналысады. Ол қоян-қолтық ұрыстан Беларусь Республикасының астанасы Минскіде өткен Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, Ресей астанасы Мәскеуде өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бірнеше мәрте чемпионы.

Бүгінде Анель Сейтмұрат аяулы жар, бағалы қызметкер. Бұл жетістіктерінің барлығын ол ата-анасының еңбегі деп біледі. Полиция қызметі – батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін ауыр сала. Дегенмен, осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада қызмет пен отбасын қатар алып жүрген Анельдей сақшы аруларымызға сүйсіне қарайтынымыз сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру