Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында интернет-алаяқтық деректері төмендеді

Павлодар облысында интернет-алаяқтық деректері төмендеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Кешенді алдын алу шараларының нәтижесінде өңірде интернет-алаяқтық деректері айтарлықтай төмендеді: өткен жылы 461 жағдай тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 329-ға дейін азайған. Қазіргі таңда 57 қылмыстық іс аяқталды. 10 адам және 57 эпизодқа қатысы бар бір қылмыстық топ ұсталды.

– Қылмыскерлер қолданатын “құралдарға” ерекше назар аударылуда. Жыл басынан бері 43 мобильді құрылғы, 175 SIM-карта және жаппай хабарлама мен қоңырау таратуға арналған 2 SIM-box құрылғысы тәркіленді. “Антифрод-орталық” платформасы белсенді жұмыс істеуде. Банктермен тығыз байланыс нәтижесінде 315 оқиға тіркеліп, күмәнді операциялар бойынша 453 млн теңге бұғатталды. Сонымен қатар дропперлерден 21 млн теңге тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды, – деді Ризабек Жанат.

Спикердің айтуынша, полиция кәмелетке толмағандар қатысқан қылмыстық топтың жолын кесті. Жасөспірімдер Telegram-арналар арқылы жоқ вейптер мен электронды буландырғыштарды “сату” арқылы азаматтарды алдаған.

Өңірдің киберполициясы тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда: үй-үйді аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, цифрлық қауіпсіздік ережелерін үйретуде.

– Ең жақсы қорғаныс — сақтық. Жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз, SMS арқылы келген кодтарды айтпаңыз және “қауіпсіздік қызметі” атынан ұсынылған күмәнді қосымшаларды жүктемеңіз. Егер қоңырау күмән тудырса — бірден тұтқаны қоя салыңыз, – деп түйіндеді Павлодар облысы ПД киберқылмыспен күрес жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Ризабек Жанат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру