Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында сотталғандарды еңбек арқылы қайта әлеуметтендіруге бағытталған пилоттық жоба басталды

Қызылорда облысында сотталғандарды еңбек арқылы қайта әлеуметтендіруге бағытталған пилоттық жоба басталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жұмыстарын күшейту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қауіпсіздігі барынша төмен №37 мекемесінде сотталғандарды еңбек арқылы қоғамға бейімдеуге бағытталған пилоттық жоба қолға алынды.

Жоба аясында департамент басшылығы №37 мекемесі аумағында өндірістік қызмет жүргізіп жатқан кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Нәтижесінде "Уналбаев" жеке кәсіпкерлігіне қарасты құм блогын өндіру цехына 30 сотталғанды жұмысқа орналастыру және кәсіпорын аумағында арнайы учаске ашу жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Бастаманың басты ерекшелігі – сотталғандарға еңбек ететін кәсіпорын аумағында тұру мүмкіндігі беріледі. Бұл шешім жұмыспен қамтылған сотталғандардың санын арттырумен қатар, мемлекеттік бюджет шығындарын оңтайландыруға да мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жобаға "Көксу" шаруа қожалығы да қызығушылық танытып отыр. Шаруа қожалығы жылыжай шаруашылығына 20 сотталғанды жұмысқа қабылдап, өз аумағында арнайы учаске ашуды жоспарлауда.

Бүгінде "Алимбаев" жеке кәсіпкерлігі де жобаға қатысуға ниет білдіріп отыр. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік субъектілерімен сотталғандарды жұмыспен қамту, арнайы учаскелер ашу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, тұрмыстық жағдайларын ұйымдастыру және бейнебақылау жүйелерін орнату мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, бұл бастама сотталғандардың еңбек дағдыларын қалыптастырып, жауапкершілік деңгейін арттыруға, сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға сәтті бейімделуіне ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру