Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордалық полицейлер боранды күні жоғалған әкесі мен баласын тапты

Қызылордалық полицейлер боранды күні жоғалған әкесі мен баласын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

16 қараша күні Қызылорда облысында ауа райы күрт өзгерді. Қалың қар жауып, боран соқты.​ Сол күні күндізгі сағат 09:00 шамасында 41 жастағы азамат пен 11 жастағы ұлы екеуі атқа мініп, Жалағаш ауданының Аққыр ауылынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан “Түгіскен” учаскесінде орналасқан фазендаға қарай бет алған. Бірақ осы уақытқа дейін фазенда басына бармағандығы белгілі болды.

Осы дерекке байланысты жоғалған адамдарды іздестіруге Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дереу жұмылдырылды. Полицейлер, ТЖД қызметкерлері, ауыл тұрғындары мен еріктілерден арнайы топ құрылып, екі күн бойы жоғалған азаматтарды іздестіру жұмыстары жүргізілді.​ Ауданның барлық ауылдары, далалық жолдар түгел қамтылды.​ ​

Іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған әкесі мен баласы аман-есен табылды. Олар Жалағаш ауданы Аққыр ауылына қарасты “Бекей” далалық жерден солтүстікке қарай 60 ​шақырым жерден табылды.​

– Іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды. Әкесі мен ұлы қалыңдап жауған қар мен ақ түтік​ боранның​ әсерінен келе жатқан​ жолдарынан​ адасып кеткен. Жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ​олар аман-есен табылды. Аймақ тұрғындарынан дауылды ескерту жарияланған уақытта алыс сапарға шықпауларын сұраймыз. Шаруа қожалықтарының жұмысшылары қыстаулар мен жайылымдардан алыс кетпеуге тырысуы қажет, – дейді ПД бастығы Сұлтан Бектөре. ​

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру