Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттік полицейлер алаяқты ұстады

Шымкентте алаяқтыққа қатысы бар азамат құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылдың 30 қыркүйегінде Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын өз танысының сеніміне кіріп, “Toyota Сamry” маркалы автокөлікті сатып алып беретінін айтып, алаяқтық жолмен 1 500 000 теңге ақшасын алып, осы уақытқа дейін қайтармай жүргені туралы арызданған.

Аталған факт Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің  бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (алаяқтық) тіркелген.

Полиция қызметкерлері жедел-тергеу іс-шараларын өткізу барысында жәбірленушінің  автокөлігін және алтын бұйымдарын сатып, 2019 жылдың 15 қыркүйегінде “kaspi.kz” бағдарламасы арқылы жалпы сомасы 1 500 000 теңгені күдіктіге аударғанын, өз кезегінде күдікті сол ақшаға жәбірленушіге «Toyota Сamry» маркалы автокөлігін сатып алып беру туралы уәде еткенін, алайда ақшаны басқа мақсатқа жұмсап, қайтармай жүргенін анықтады.

Сонымен қатар, екі тарап жұп құру мақсатында танысу алаңына айналған республикалық телебағдарламалардың бірінде кездейсоқ кездескен кезде күдіктінің жәбірленушіге сезімін білдіріп, ақшасын қайтарамын деп сендіргені белгілі болды.

Алайда алаяқ уәдесінде тұрмағандықтан жәбірленуші азаматша полицияға арыздануға мәжбүр болған.

Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасын өткізу барысында күдіктіні өзінің әлеуметтік желідегі аккаунтын шамамен 130 000 теңгеге сатып жатқан жерінен ұстап, полиция бөліміне жеткізді.

Қазіргі таңда тергеу органдары орын алған оқиғаның мән -жайларын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-әрекеттерін өткізуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру