Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Суға батқан қызды құтқарып қалған түркістандық Рақымжан

7 мамыр – Отан Қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып жүрген полицейлер жайлы ақпарат ұсынбақ.

Киелі өңір Түркістан облысында ерлік және батырлық әрекеттерімен халықтың алғысына бөленіп жүрген тәртіп сақшылары аз емес. Солардың бірі, Отырар аудандық полиция бөлімінде қызмет етеді. Ол Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Ақорданың төрінде марапатталған, нағыз ерлік көрсеткендерге ғана берілетін мемлекеттік марапат “Ерлігі үшін” төсбелгісін алған, Отырар АПБ Жергілікті полиция қызметі туристерге қызмет көрсету тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Рақымжан Ниязбекұлы.

Ендеше ерлік көрсеткен ердің оқиғасымен таныс болыңыздар.

2019 жылдың сәуір айында Отырар ауданын кесіп өтетін Арыс өзенінен суға батып бара жатқан қыз туралы шұғыл хабарлама Отырар аудандық полиция бөлімінің кезекшілігіне таңғы сағат 6.00 шамасында түсті. Хабарлама түскен сәтте полицейлер жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне хабар берді. Хабарды алғашқы болып қабылдаған Рақымжан Ниязбекұлы оқиға орнына небары бірнеше минутта бірінші болып жетті.
Өзен бойына келген бетте суға ағып бара жатқан шарасыз бойжеткенді көріп, үстіндегі киімімен суға түсіп кетті. Күн суық, қардың ызғары әлі де басыла қоймаған. Арыстанның желі ысқырып тұр. Арнасы суға толған өзен бойжеткенді алып кетпекші. Оның қасына жанұшыра жеткен Рақымжан да судың қатты ағысына берілмеуде. Ақыры полицей бойжеткенге жақындап, оны қармап алады. Тереңге бойлаған өзен суы екеуін де тереңге батырмақшы. Полицейдің шымырлығының арқасында олар ақыры жағаға жетті. Соңғы үміт секілді өзеннің шетіне бойлай өскен кәрі жыңғылдың бұтасына Рақымжанның қолы ілікті. Енді сол жерден айрылмай, жағаға шығу қажет. Рақымжан ұстап алған бұтаны сындырып алмайын деп, әдіске салып жәймендеп тартып, жуан жеріне жармасты. Осылайша ол қызды жағаға алып шықты. Сол сәтте жағада күтіп тұрған жедел жәрдем бригадасы бірден қызды орталық емханаға жеткізіп, жан сақтау бөліміне жатқызды. Сумен арпалысқан бойжеткен су жұтып, әлсіреп қалған екен. Дәрігерлер өз көмектерін көрсетіп, бірнеше күннен соң қыз палатаға ауысты.

– Мен бұл ісімді ерлік деп есептемеймін. Шұғыл хабарламаны естіген бойда тездетіп суға жетіп, адамды аман алып қалуды ойладым. Себебі адам өмірі біз үшін ең құнды. Өз өмірімізді тәуекелге тіксек те бізден көмек сұраған адамға көмектесуіміз керек. Бойжеткенді құтқара алмай қаламын ба деген оймен, секунд болса да жоғалтпайын деп, киіміммен суға түсіп кеткенім рас. Бірақ ол маған кедергі келтірмеді. Оны мүлде ойламадым да. Себебі бастысы бойжеткен тездетіп жетіп, оны жағаға шығаруды ойладым. Су арнасынан асып тұрған соң жағада тұрған басқа да адамдар оған түсуге үрейленді. Ал кейіннен мен жағаға шыққан соң, олар мен үшін қуанып рақметтерін айтып, менің қолымды қысты… Кейіннен қыз палатаға ауыстырылған соң онымен тілдестім. Өз-өзіне қол жұмсамақшы болған екен. Барынша ақылымды айтып, оның бұл іс-әрекетінің қауіпті екенін түсіндірдім. Ол қыз да енді қайталамайтынын айтып, істеген ісіне өкінді, – дейді Рақымжан өз сөзінде.

Міне, осылайша полиция қызметкері Рақымжан қауіпті қызметінде болған бір күндік оқиғасымен осылай бөлісті. Ал біз біле бермейтін полицейлердің күнделікті жұмысында қаншама оқиғалар орын алады десеңші. Ендеше қызметтері қаншалықты қиын әрі қызықты болса да мойымай, кейбір түсініспеушілік салдарынан жағымсыз пікірлер айтылса да, міндетін одан әрі де атқарып, отбасын асырап, көмек керек болғанда жанын тәуекел ете отырып, жұртқа жәрдем беретін ішкі істер саласындағы ер азаматтарымыз аман болсын! Біз сіздермен мақтанамыз! Ел үшін жасаған ерліктеріңіз ел алдында бағалана берсін!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру