Ашық есік күні: Абай облысында сотталған әйелдер жақындарымен жүздесті
Абай облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде сотталған әйелдердің туыстарына арналған ашық есік күні ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – жазасын өтеушілерге рухани қолдау көрсету, сондай-ақ олардың отбасымен және қоғаммен байланысын нығайту.
Бұл күнді 200-ден астам әйел ерекше толғаныспен күтті. Көпшілігі үшін жақындарымен жүздесу – көптен күткен, жүрекке жылу сыйлайтын сәт болды. Уақыт пен қашықтыққа қарамастан, туған-туыстары олардың өмірінде маңызды тірек болып қала берді. Әсіресе, балаларынан жырақ жүрген аналар үшін бұл кездесудің мәні зор.
Іс-шара барысында сотталғандар қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынып, ән айтып, ұлттық билер билеп, домбырамен күй орындады.

Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі – жас ананың кішкентай ұлымен қауышуы болды. Павлодар қаласының 28 жастағы тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін төрт жылға сотталған. Ол қамауға алынған кезде баласы небәрі төрт айлық болған.
Ұлын көрген сәтте ана көз жасына ерік беріп, оны құшағына қысып, өткен уақыттың орнын толтырғысы келгендей болды.

– Өмірімдегі ең үлкен өкініш – баламның жанында бола алмауым. Оның алғашқы қадамын көрмедім, алғашқы сөзін естімедім. Бұл – өзім жасаған қателіктің салдары. Қазір менің ең басты мақсатым – үйге оралып, баламның жанында болу, – деді ол.
Мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранованың сөзінше, мұндай кездесулер сотталғандардың эмоционалдық жағдайын жақсартып, түзелуге және қоғамға қайта бейімделуге деген ынтасын арттырады. Сондықтан бұл шаралар қайта әлеуметтену процесінде маңызды рөл атқарады.
