Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жоғалған отардан қойлардың ұрлығын ашты

СҚО полицейлері жоғалған отардан қойлардың ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тамыздың 30-ы Аққайың ауданының полиция бөліміне 5 күн бұрын 39 қойының жоғалғанын айтып, ауыл тұрғыны жүгінген. Тәртіп сақшылары бірден іздестіру іс-шараларына кірісті. Белгілі болғандай, қойлар бөлініп, М.Жұмабаев ауданына қарай кеткен. Полицейлер тәулік ішінде екі бөлек отарды іздеп тапты, алайда қой түгел болмай шықты. Көп ұзамай орман алқабында өртенген бес қойдың қалдығы табылды. Қойлардың жанбай қалған биркаларынан іздеудегі жануарлар екені анықталды. Полицейлер жақын маңдағы ағаш өңдейтін бригаданы тексерді. Нәтижесінде 43 жастағы бригадир мен 46 жастағы жұмысшының қатыстылығы белгілі болды, екеуі де Булаев аудан орталығының тұрғындары екен. Олар жайылып жүрген қойларды байқап, бригадирге тиесілі аңшы мылтығымен атып, кейін мүшелегендерін мойындады. Еттің бір бөлігі жұмыс орындарынан, қалғаны күдіктілердің үйлерінен табылды. Сондай-ақ, вагончиктен заңсыз сақтаудағы мылтық, 16 калибрлі 6 патрон, 7 гильза мен оқ-дәрі алынды. Келтірілген шығын сомасы 1 миллион 300 мың теңгеден асады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188,1- бабы «Мал ұрлығы» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

– Айта кететіні, жануарлардың иесі бұрын малдарын еркін жайылымға жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған, – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сапаров. – Өкінішке орай, бұл оған сабақ болмаған. Аталған жағдай ұйымдастырылған түрде мал бағудың пайдасын кезекті рет дәлелдейді. Қараусыз қалдырылған жануарлар жоғалып кетуі, ұрылардың олжасына айналуы, сондай-ақ кенеттен жолға шығып кетіп, ЖКО себепші болуы әбден мүмкін. Жоғалған малды іздеуге көп уақыт жұмсалады.

Жыл басынан облыс аумағында 22 мал ұрлығы тіркелді, бүгінгі күні оның 20-сы ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру